21 шіл, 2022 сағат 09:26

Қазақстан тұңғыш рет жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында алтын алды - видео


Қазақстан өкілі алғаш рет жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатының алтынын жеңіп алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл тарихи оқиға Орегондағы (АҚШ) әлемдік додада болды. Қазақстандық атлет Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден бірінші орын алды. Спортшы бұл қашықтықты 8:53,02 минутта жүгіріп өтіп, Әлем біріншілігінің рекордын орнатты.

Осылайша, жеңіл атлетика тарихында Қазақстан қоржынына алғаш рет Әлем чемпионатының алтын медалі түсті.

Екінші және үшінші орындар Эфиопия өкілдері Веркуха Гетачью (8:54,61) мен Мекидес Абебеге (8:56,08) бұйырды.


Еске салайық, Джеруто және тағы екі кениялық атлет Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи Кения құрамасына ене алмаған соң, 2017 жылы Қазақстанға келген. Алдымен бұл атлеттерді ШҚО әкімі әрі Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменде құрылған "Алтай Атлетикс" клубына шақырған. Өскеменге келе сала олар Қазақстан азаматтығын алды. Бірақ Әлемдік жеңіл атлетика ұйымы (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттерге үш жыл "карантинде" болып, одан соң ғана жаңа ел атынан жарысқа қатысуға рұқсат.

Осылайша World Athletics 2022 жылы қаңтарда үш кениялықты "карантиннен" шығарып, Қазақстан атынан жарысқа қатысуға рұқсат етті. Оларды өздерімен еріп келген бапкері Кеннет Ротич жаттықтырады.

Айта кетейік, бұған дейін жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова мен Ольга Шишигина, сондай-ақ Григорий Егоров Әлем чемпионатында алтынға бір қадам жақын болған.