
Қысқы кезеңнен кейін Қазақстанның автожолдарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталмыш жұмыстар 15 сәуір - 15 маусым аралығында Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, 1 мамыр - 1 шілде аралығында Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілетін болады.
Бағдарламаға сәйкес ел жолдарының 463 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіліп, 13,4 мың жол белгілері мен ақпараттық нысандар орнатылады деп күтілуде. Жолшылар ұзындығы 37,1 мың шақырымды құрайтын жолдардың қозғалыс бөлігін таңбалап, жол бойындағы қоршаулардың 37,5 мың метрін орнатуы, жөндеуі тиіс. Сонымен қатар, 8,4 мың шаршы метр жолдың үстіне бұдырлы жолақтар орнату жоспарлануда. Жұмыстарды «Қазақавтожол» ЖШС жүзеге асыратын болады.
«15 сәуірден бастап Қазақстанның жолдарында жол жабындысының олқылықтарын жоюға бағытталған жыл сайынғы екі айлық жұмыс басталады. Екі ай ішінде шұңқырларды жамау, жол белгілерін орнату және жолдарды таңбалау сияқты жұмыстардың жылдық көлемінің 60% орындалады», - делінген министрлік ақпаратында.
