18 сәу, 2020 сағат 11:50

Қазақстанда әншілер емес, мұғалімдер жұлдыз болды - Мұрат Әбенов

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қашықтан білім беру жүйесінің артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жаңа жүйеге ауысу балаларға емес, ата-анаға қиын соққан тәрізді. 

«Қазір немерем 1 сыныпта оқып жүр. Менің байқағаным, смартфон ұстап өскен қазіргі балалар бұл жүйеде көп қиналған жоқ. Балаларға жаңа технология жақын, оларға телефон - қолының жалғасы сияқты. Мұнда бала емес, ата-аналар көбірек қиналған сияқты. Біраз ата-ананың цифрлық сауаты төмен екені көрінді. Жалпы балалардың ата-анасынан озып кеткенін көреміз», - деді М. Әбенов «Қашықтан оқыту - оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» атты онлайн-конференциясында. 

Сонымен бірге, спикер Білім және ғылым министрлігі интернет мәселесін ұтымды шешкенін бағалады. 

«Білім министрлігі бұл проблеманы ұтымды шешуге тырысты. Қай жерде интернет бар, сонда ғана қосу керек. Сосын теледидар арқылы білім беру де мәселені шешті. Бұл Қытайдың тәжірибесінде бар. 1980 жылдары білімді көтеру кезінде алыстағы ауылдарға ұстаз табылмаған соң, олар теледидарды пайдаланды. Теледидар жүйесі өте арзан. Интернет қажет етпейді. Теледидарды ары қарай оқыту жүйесін жалғастыру қажет», - деді қоғам қайраткері. 

Оның айтуынша, қашықтан оқыту жүйесі барлығын әділ бағалауға мүмкіндік беріп жатыр. Бір жағынан инфрақұрылым нашарлығы көрінсе, екінші жағынан ең талантты азаматтар танылды, байқалмай жүрген жобалар алға шықты. 

«Серпін» бағдарламасы арқылы ағылшын тілін оқыту бабымен Англияға барған едік. Сонда қашықтан оқыту бойынша біршама қалып қойғанымыз байқалды. Қазір амалдың жоқтығынан осы жүйеге ауысуға мәжбүр болдық. Сондықтан, қашықтан оқыту жүйесі параллель жүйе ретінде қалуы керек. Бұл - өте жақсы әдіс, үйреніп алған соң оны тоқтатудың қажеті жоқ. Керісінше, өңірлерде шағын мектептерге керек. Ол жерге физика, информатика мұғалімдері жоқ. Сондықтан, қашықтан оқыту арқылы бүкіл Қазақстанға сабақ беретін талантты азаматтарды тауып, теледидар, интенет арқылы алыстағы мектептерге сабақ бере аламыз», - деді М. Әбенов. 

Сондай-ақ, спикер ұстаздардың қоғамдағы белсенділігі аса маңызды екенін атап өтті. 

«Осы уақытқа дейін елімізде әншіден бастап, әзілқойларға дейін түрлі жұлдыздар болды. Енді Қазақстанда мұғалімдер жұлдыз болады. Арнайы заң қабылданды, жалақы 25 пайызға көтерілді, ата-аналар мұғалімдердің ерен еңбегін түсініп жатыр. Қазір қанша адам экран арқылы мықты ұстаздарды көреді, көшеде таниды, балаларының есімін ырымдап қояды. Қай қоғамда ұстаз «жұлдыз» болса, құрметті болса, сол қоғам алға шығады. Егер мұғалімдер интернетке шықса, саяси-қоғамдық белсенділігі артады, өз құқықтарын талап етеді. Дәл осы қарқынмен бір жылдан кейін мұғалімдер өте белсенді болып шығады. Бізге белсенді, өз құқығын талап ете алатын, өзін қорғай алатын мұғалімдер қажет. Сондай мұғалімдер балаларға азаматтық қасиет үйретеді деп ойлаймын», - деді Мұрат Әбенов.