10 қыр, 2020 сағат 19:50

Қазақстанда қанша шақырым жол ақылы болады?

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов Қазақстанда қанша шақырым жол ақылы болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл 5800 шақырым жолға толығымен монтаждау жұмыстары жүргізіліп, тесттік режімде іске қосылады. Ставка бойынша мәселені бізге егжей-тегжейлі зерттеу міндеті жүктелді. Алда талай қоғамдық тыңдау өткізіледі. Тиісті тапсырма түскеннен кейін жұмысты жалғастырамыз. 2024 жылдың аяғына дейін 11 мың шақырым жолды ақылы етуіміз керек», - деді Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде. 

Еске сала кетсек бұған дейін Ұлан Әліпов «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

«Биыл біздің елде жөндеу жұмыстарымен 4 мың шақырым жол қамтылды. Жалпы «Нұрлы жол 1» және «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша жоспарды орындап келеміз. Яғни 2015-2020 жыл аралығында «Нұрлы жол 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. 8 мың шақырым жолды І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгіздік. Биылдан бастап «Нұрлы жол 2» бағдарламасы басталды», - деді ол.