
ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясы бойынша тесттен өтуі тиіс адамдар санатының тізімі кеңейтілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдегі ахуалға байланысты 14 сәуірде карантин шараларын күшейту бойынша қаулы шығардым. Оған сәйкес ауруханалардың бәрі де эпидемияға қарсы күшейтілген режимге көшеді. Яғни, ауруханадағы әр пациент – коронавирус жұқтырған адам ретінде күдікке ілінеді. Медициналық ұйымдар мен ауруханалардың барлық қызметкерлері ауруына және диагнозына қарамастан пациенттерді қабылдап, диагностика жүргізеді. Сонымен қатар карантин және провизорлық стационарларға, инфекциялық стационарларға талап күшейтілді. Стационарларда бейнебақылау камералары орнатылып, тиісті желдету жүйесі жолға қойылуы тиіс. Медициналық ұйымдардың әр ауысымы бір-бірінен оқшаулана жүруі керек», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің айтуынша, медициналық ұйымдарда персоналдарға таза бөліктен лас бөлікке (немесе керісінше) өтуге тыйым салынады.
«Бас дәрігерлердің бәрі де жеке қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар дезинфекциялық режимнің қатаң сақталуын да қамтамасыз ету қажет. Медицина қызметкерлері де қызмет бабында абай болып, инфекциялық қауіпсіздікті сақтауы тиіс», - деді ол.
Айжан Есмағамбетова сонымен қатар тесттен өтуі тиіс адамдар санатының тізімі кеңейтілгенін жеткізді.
«Қазіргі таңда жүкті әйелдер, жүрек, қан тамырлары, тыныс жолдары бойынша созылмалы ауруы бар адамдар да коронавирус инфекциясы бойынша күдікте болмаса да тесттен өтуге міндеттеледі», - деп түйді Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер.
