
Қазақстанда алғаш рет құрылыс салу барысындағы жіктеудің және кодтаудың бірыңғай жүйесі әзірленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бірыңғай жүйе – құрылыс объектісі туралы сандық ақпаратты басқару мен құрылымдаудың негізгі құралы.
«Бұл жүйе – халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес құрылыс ақпаратын бірыңғай техникалық тілде жүйелеуге, басқаруға және алмасуға мүмкіндік беретін белгілеу жүйесі. Оны әзірлеуді құрылыс саласына Құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясын енгізу шеңберінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары жүзеге асырды. Ақпараттық модельдеу технологиясы объектіні құру идеясынан бастап оны іске асырумен аяқталатын, құрылыс объектісінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде ақпаратты басқаруға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Құрылыс объектісі циклінің түрлі кезеңінде нысанның ақпараттық моделін құру кезінде, мамандар алдыңғы немесе кейінгі кезеңнің жіктеу жүйесіне сәйкес келмеуі мүмкін құрылыс элементтерін жіктеудің өзіндік жүйесі бар әртүрлі бағдарламаларды пайдаланады. Сондықтан құрылысқа қатысты ақпараттың бір бөлігі бір кезеңнен екіншісіне ауысқан кезде ішінара немесе толығымен жоғалуы мүмкін. Бірыңғай жүйе осы мәселені жоюға бағытталады.
«Жалпы айтқанда, жүйеде 1 мыңға жуық санат бар, бұл ғимараттың құрылыс объектісінің әр элементін (шатыр, қабырға, төбе және жер үсті жүйесі) техникалық және функционалдық мақсаты бойынша жіктеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, «ҚазҚСҒЗИ« АҚ мамандары орындайтын жіктеу жүйесін баға белгілеуде қолданылатын ресурстық әдіс жіктеуішімен интеграциялау, болашақта құрылыс элементінің техникалық сипаттамаларын құндық көрсеткіштермен байланыстыруға және тиісінше объектіні модельдеу кезеңіндегі сол тұстағы құнын айқындауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бірыңғай жіктеу жүйесі халықаралық стандарттар негізінде жасалған. Яғни бұл шетелдік мамандардың ақпараттық модельмен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Қазақстанның құрылыстағы жіктеу және кодтау жүйесіндегі тәжірибесін ТМД елдерінің мамандары пайдаланады деп көзделіп отыр.
