Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар баяндалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы екі айында құқықбұзушылық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.
Қылмыс деңгейі мен қауіпсіздік көрсеткіштері:
- Жалпы ахуал: Қылмыс деңгейі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8 пайызға (1,3 мың қылмысқа) азайған. Қылмыстарды ашу деңгейінің артқаны байқалады.
- Киберқылмыспен күрес: Интернет-алаяқтыққа қарсы жүйелі шаралардың нәтижесінде киберқылмыс көлемі 4 пайызға төмендеді.
- Ұйымдасқан қылмыс: 11 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 71 адам жауапкершілікке тартылды.
- Есірткіге тосқауыл: 5 есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 881,5 келі есірткі заттары, оның ішінде 104 келіден астам «синтетика» тәркіленді.
Заңнамалық жаңалықтар және цифрландыру:
Министрдің айтуынша, көше қауіпсіздігі мен көші-қонды бақылауда цифрлық технологиялар кеңінен қолданыла бастаған. Сондай-ақ, 2025 жылы қабылданған «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа Заң аясында қоғамды қорғау тетіктері күшейтілді.
Енді елімізде дропперлік, сталкинг (артынан аңду) және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мемлекет басшысы есепті тыңдай келе, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және жазадан бұлтартпау қағидатын қатаң сақтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
