10 ақп, 2025 сағат 11:43

Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелері бойынша алғашқы шарттар жасалды

Фото: Pexels.com

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жеңілдетілген ережелер негізінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеделдетіліп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру тиімділігі артты. Жаңа тәсілдер жобалардың құнын өсіру тәуекелдерін азайтуға және жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойған болатын. Осы заң аясында сатып алу мерзімдерін қысқартуға бағытталған жаңа ережелер енгізілді.

Негізгі өзгерістер:

  • Құжаттаманы талқылау мерзімі 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
  • Өтінімдерді қабылдау уақыты 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін азайтылды.
  • Өтінімдерді қарау мен қорытындылау мерзімі 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Рейтингтік-балдық жүйе автоматтандырылған тәсілді қолдануға мүмкіндік беріп, сатып алу жеңімпаздары енді 5 жұмыс күні ішінде анықталады (бұрын бұл мерзім 29 күнді құрайтын).

Жергілікті жеткізушілерге артықшылықтар:

  • Шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.
  • Рейтингте жергілікті құрылысшылар қосымша балл алады.

Алғашқы жобалар:

  1. Ақмола облысы, Зеренді ауылы
    Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы бойынша байқау 6 жұмыс күні ішінде өткізілді. Жоба құны – 2 млрд теңгеден асады. Құрылыс материалдарының 90%-ы жергілікті өндірістен алынады.

  2. Батыс Қазақстан облысы, Жалын ауылы
    Су құбырының құрылысы бойынша конкурс 6 күнде аяқталды. Жобаның құны – 785 млн теңге.

  3. Түркістан облысы, Сарыағаш қаласы
    Дамыту орталығының құрылысы бойынша жобаның құны – 2,7 млрд теңге.

  4. Шымкент қаласы, Бозарық шағын ауданы
    Көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасының құны – 4,9 млрд теңге.

  5. Ұлытау облысы, Мыңадыр стансасы
    80 орындық жаңа мектеп салу жобасы жүзеге асырыла бастады.

2025 жылдың 10 ақпанына дейін:

  • 951,38 млрд теңгеге 282 703 шарт жасалды (өткен жылы осы кезеңде 223,2 млрд теңгеге 165 558 шарт жасалған).
  • Шағымдар саны 22%-ға төмендеді: 1700-ден 1320-ға дейін.

Мемлекеттік сатып алудағы бұл оң өзгерістер Қазақстан экономикасына оң әсер етіп, аймақтық бизнестің дамуына серпін береді.