18 сәу, 2024 сағат 13:25

Қазақстанда спортпен шұғылданатын адамдар саны 8 млн-нан асты - министр


Фото:egemen.kz

Елде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдар саны 510 мыңнан артып, жалпы саны 8 миллионнан асты деп отыр Туризм және Спорт министрі Ермек Маржықпаев бүгін мәжілісте өткен жиында деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


Министрдің сөзінше бұл халықтың 40,4%-на тең. Оның 3 миллионнан астамы ауылдық жерде тұратын адамдар екен.


"Осы орайда біздің балаларды көбірек тартуға ерекше назар аударамыз.Былтыр 984 мың бала мен жасөспірім спортпен қамтылған", -деді Ермек Маржықпаев.


Министр Маржықпаевтың сөзінше Қазақстанда ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық та артып келеді. Онымен жүйелі түрде айналысатындар саны 2022 жылы 584 мың адамды, ал 2023 жылы 619 мың адамды құраған. Бұл спортпен айналысатындардың жалпы үлесінің 8,7%-ына сәйкес.


"Бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды дамыту – дені сау ұлтты қалыптастырудағы басты міндет.
Спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мемлекеттің ерекше бақылауында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың  1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 52%-ды құрады. Нақты қажеттілікті анықтау және қолданыстағы спорт нысандарын тексеру үшін еліміздің барлық өңірінде ауқымды инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде республика бойынша 43 мыңнан астам нысанның 7 мыңнан астамы расталмады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның аясында республиканың 414 нысанында құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Басымдық ауылдық жерлердегі объектілерге берілетіні сөзсіз", -деді министр өз сөзінде.