
Қазақстанда коронавирус індетінен қорғайтын жеке қорғаныс құралдары қаншалықты жеткілікті? Бұл сұраққа Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір бәріне жеке қауіпсіздік құралдары жеткілікті ме, жоқ па – айту қиын. Дефицит қашан да байқалады. Әсіресе маска бойынша... Алайда қазіргі уақытта отандық кәсіпорындардан ақуымды көлемде олар сатылып алынып жатыр. Отандық өндірушілер қазіргі күрделі ахуалға байланысты өндірістік қуаттылығын арттырып келеді. Оған қоса жеке қауіпсіздік құралдары, маскалар Қытайдан көптеп сатып алынып, елге жеткізілуде. Өткір дефицит бар деп айтуға келмейді. Әйтсе де әрине қажеттілік бар», - Арнұр Нұртаев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында сөйлеген сөзінде .
Оның айтуынша медициналық ұйымдар қазір нарықтағы көздерден, өзге өндірушілерден сатып алып, қажеттілігін жауып отыр. Ал отандық кәсіпорындар қажеттілікті жабу үшін тәулігіне үш ауысым бойы жұмыс істеуде. Арнұр Нұртаев медициналық ұйымдар бойынша жеке қауіпсіздік құралдары қандай механизммен бөлініп, таратылатынын да жеткізді.
«Әрбір медициналық ұйымның беретін өз тапсырысы бар. Бұл өтінімдерді Бірыңғай дистрибьютор мақұлдайды. Бәрі орталықтандырылған тәртіпте жүргізіледі. Егер Бірыңғавй дистрибьютор қажетті көлемді уақытында жеткізе алмаса медициналық ұйымдар оны нарықтан өздері сатып ала бастайды. Бәрібір де импорттың барын атап өту керек», - деді ол.
Арнұр Нұртаевтың айтуынша, егер күзде коронавирус эпидемиясы қайтадан өршіп кетсе отандық өндірушілердің бәрі жеке қауіпсіздік құралдарын барынша өндіру бойынша бағдарламаны әзірлейді.
