Фото: Үкімет
Қазақстан Үкіметі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ultradecor Trading Kazakhstan арасында Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу өндірісін салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын жоба 2026–2028 жылдары жүзеге асырылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін кемінде 160 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар жоба елдегі ағаш өңдеу саласын дамытуға, дайын өнім өндірісін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Жоспар бойынша зауыт жылына шамамен 600 мың текше метр ағаш-жаңқалы плиталар (ДСП) және 20 миллион шаршы метр ламинацияланған ағаш-жаңқалы плиталар (ЛДСП) өндіреді.
Инвестициялық келісім аясында қазақстандық өндірушілердің тауарларын, шикізатын, жұмыстарын және қызметтерін пайдалану міндеттелген. Сондай-ақ инвестор өндірілген өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарыққа жеткізуді қамтамасыз етеді. Кәсіпорын толық қуатының 80 пайызына жеткеннен кейін отандық өнім экспорты жылына 60 мың текше метрге дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жоба аясында өңірді әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Инвестор қызметкерлерді үздіксіз оқыту жүйесін енгізіп, олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етпек.
Жалпы, аталған бастама ағаш өңдеу саласының дамуына серпін беріп, жергілікті қамтуды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
