20 мам, 2024 сағат 17:47

Қазақстандық 5 дзюдошы әлем чемпионатының жарыс жолынан шығып қалды

Сурет: instagram/qaz_team_official

Бүгін, 20 мамырда дзюдодан Абу-Даби төріндегі Әлем чемпионатының екінші жарыс күні. Қазақстандық 5 спортшы турнирді алғашқы айналымдарда аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ғұсман Қырғызбаев бірінші айналымда Тал Фликкермен (Израиль) кездесіп, белдесу ережесін бұзғаны үшін сайысты аяқтады. Осы салмақтағы тағы бір балуан Жанарыс Рахметқали бірінші белдесуінде Валид Кхярға (Франция) ескерту саны бойынша есе жіберді.

Ал әйелдер күресінде 57 кг салмақта Бақыт Құсақбаева Әзербайжан спортшысы Асель Топракқа ескерту саны бойынша есе жіберді. Сонымен қатар 73 кг салмақ дәрежесінде күш сынаған Бақытжан Абдурахманов жарыстың екінші айналымында неміс спортшысы Игорь Ванткеге есе жіберді. Данияр Шамшаев молдовалық Әділ Османовтан ұтылып қалды.

Айта кетейік, 19 мамырда 48 кг салмақта бақ сынаған Әбиба Әбужақынова (48 кг) 3-орынға таласта Түркия өкілі Тукче Бедермен кездескен еді. Нәтижесінде қазақстандық спортшы айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды.