22 қаң, 2023 сағат 10:14

Қазақстандық файтер бразилиялық қарсыласын буындыру әдісімен жеңді

Фото: prosports.kz

Қазақстандық файтер, UFC үміткері Азат Мақсұм бұған дейін ұтылып көрмеген бразилиялықты мерзімінен бұрын буындыру әдісімен жеңді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматыда өткен аралас жекпе-жектен Octagon 39 турниріндегі басты кездесуде Азат Мақсұм (15-0) мен бразилиялық Фабрицио Нуньес (8-0) жұдырықтасты.

Азат жекпе-жекті белсенді бастап, бірінші раундтың аяқталуына 10 секунд қалғанда қарсыласын буындыру әдісімен жеңді.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы былтыр әлемнің белді промоушені - UFC-дегі дебютті жекпе-жек өткізудің аз-ақ алдында тұрған еді. Алайда қолы сынып, АҚШ-тың аталған ұйымымен келісімшартқа қол қоюды кейінге қалдыруға тура келді.

Азат Мақсұмның командасы оның UFC-дегі алғашқы жекпе-жегі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өтуі мүмкін екендігін айтты.