29 сәу, 2020 сағат 20:20

Қазақстандық құтқарушылар төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істеп жатыр

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төтенше жағдай және карантин кезеңінде атқарып жатқан жұмысы жайында айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Төтенше жағдай және карантин кезеңінде елдің бүкіл өңірінде құлақтандыру жүйесі іске қосылып, күн сайын жергілікті және республикалық телеарналарды тосқауылдау арқылы халыққа СМС-хабарландыру жүргізілуде. Ел тұрғындарын төтенше жағдай енгізілгендігі және карантин жарияланғандығы туралы хабарландыру үшін республикалық және облыстық телерадиоарналарда 1717 рет тосқауылдау ұйымдастырылды. «Darmen» қосымшасы және «112» бірыңғай нөмірі арқылы қалаға кіру және шығу жабылғандығы, карантин жарияланғандығы, қауырт желі және Egov мемлекеттік қызметтер бойынша телефон нөмірлері туралы 288 СМС-хабарлама жіберілді», - деп атап өтеді комитеттен.

Ведомство мәліметінше, өрт сөндіру қызметі техникаларының көмегімен Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан және Нұр-Сұлтан қалаларында көшелерді залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға жеке құрамның 240 маманы мен 70 техникасы жұмылдырылды. Олар осы уақытқа дейін шамамен 8 млн шаршы метр аумақты заласыздандырып шықты. ТЖК Көкшетау техникалық институтының 20 қызметкері де қала көшелерін және адамдар көп жиналатын нысандар алаңын залалсыздандыру жұмыстарына көмектесіп жүр.

ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару отрядының құтқарушылары Алматы қаласы Наурызбай аудандық әкімдігінің және «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қолдауымен «Biz birgеmiz!» республикалық акциясына қатысып, мұқтаж адамдарға 100 мыңнан астам маска таратты.