25 қаң, 2023 сағат 10:46

Қазақстандық пара шаңғышы әлем чемпионы атанды

Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы

Қазақстандық парашаңғышы Ербол Хамитов Швецияда өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына" сілтеме жасап.

Хамитов әлем чемпионатындағы спринт жарысында топ жарған. Оның уақыт көрсеткіші - 2:44,23. Мәреге екінші болып украиналық спортшы Тарас Рад келсе, үшінші орынға бразилиялық спортшы Кристиан Вестмаер Рибейра ие болды.

Бұған дейін Ербол әлем чемпионатының алғашқы күні пара биатлоннан қола жүлде жеңіп алған болатын.


Айта кетері, парашаңғы және парабиатлоннан әлем чемпионаты Швецияның Эстерсунд қаласында өтіп жатыр.

Жарыстар 29 қаңтарға дейін жалғасады. Оған 18 мемлекеттен 102 спортшы қатысуда.