25 сәу, 2026 сағат 14:03

Теміртауда тәрбиеші баланы ұрғаны үшін қызметінен қуылды


Фото: Ашық дереккөз


Теміртауда мемлекеттік балабақшада болған оқиға қоғамның ашуын туғызды. Ата-аналар сабақ барысында тәрбиешінің 6 жастағы қызға қол көтергенін бейнежазбадан көрген, деп хабарлайды Ult.kz КТК-ға сілтеме жасап.


Камера жазбасында педагог жазу ережесін түсіндіріп тұрып, баланың маңдайынан бірнеше рет жұдырықпен ұрғаны байқалады. Сонымен қатар оның ашуланып, балаға дауыс көтергені де анық көрінеді.


Бейнежазбаның әлеуметтік желіге қалай тарағаны белгісіз. Оқиғадан кейін тәрбиеші бірден жұмыстан босатылып, балабақша директорына сөгіс берілді.


Теміртау қалалық білім бөлімі бұл жағдай бойынша арнайы комиссия құрып, қызметтік тексеру жүргізгенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде тәрбиеші тиісті баппен қызметінен шеттетілді.


Аталған жайт ата-аналар арасында балабақшалардағы балалар қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді.