Фото: видеодан скриншот
Қазақстан әлемдік креатив индустриясында тағы бір жетістікке қол жеткізді. Әлемнің әр түкпірінен ең үздік 50 авторды біріктіретін TikTok-тың The Discover List 2026 халықаралық тізіміне алматылық суретші Ассель Сабыжанқызы енді. Осылайша Қазақстан бұл жобада екінші жыл қатарынан ұсынылып отыр.
The Discover List – цифрлық кеңістікте аудиторияны шабыттандырып, жаңа трендтер қалыптастырып жүрген авторларды айқындайтын жыл сайынғы халықаралық жоба. Креаторлар бес бағыт бойынша іріктеледі: оқытушылар, гурмандар, иконалар, инноваторлар және кәсіпкерлер. Бағалау барысында аудитория белсенділігі, жазылушылар санының өсу динамикасы, қаралымдар мен лайктар көлемі, сондай-ақ автордың платформа ішіндегі және одан тыс танымалдығы ескеріледі. Сонымен қатар трендтерге ықпал етуі, контент сапасы мен аудиториямен байланыс деңгейі сараланады.
2026 жылғы тізімге Қазақстанмен қатар АҚШ, Италия, Жапония, Бразилия, Кения, Ұлыбритания, Индонезия, Аустралия және Оңтүстік Африка өкілдері енген.
Биыл қазақстандық суретші Ассель Сабыжанқызы (@assolyaa) «Инноваторлар» санаты бойынша таңдалды. Ол дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерді заманауи форматта жаңғыртып жүрген шығармашылық иесі ретінде танылды. Суретші «Carpet Art» деп аталатын авторлық техникада жұмыс істейді: кілем бетіне ауқымды көркем туындылар түсіріп, ұлттық ою-өрнектер мен заманауи визуалды шешімдерді үйлестіреді.
Ассельдің шығармашылығында қазақ дәстүрлері, түркі тарихы және тарихи тұлғалардың бейнелері айрықша орын алады. Оның «Ұлы дала патшайымдары» сериясы жоғары детализациясымен, күрделі композициялық құрылымымен және ұлттық нақыштың молдығымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар суретші әлемдік жұлдыздардың портреттерін де өз техникасында орындаған. Атап айтқанда, туындылар қатарында Дженнифер Лопес, Килиан Мбаппе, Джеки Чан және Димаш Құдайберген бар. Кейбір жұмыстарын автор кейіпкерлердің өзіне табыстаған. Бұл оқиғалар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударып, қазақстандық өнерге деген қызығушылықты арттырды.
«The Discover List тізімінде Қазақстан атынан шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Ұлттық өнердің заманауи форматта әлемге түсінікті бола алатынын көрсетуге тырысамын. Шығармашылығым арқылы қазақ мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға үлес қосып жатқаныма қуаныштымын», – деді суретші.
Айта кетейік, өткен жылы бұл тізімде «Оқытушылар» санатында Жетісу облысы Алакөл ауданының мұғалімі Ботагөз Омарова да танылған болатын. Осылайша қазақстандық авторлар халықаралық креатив кеңістікте өз орнын нығайтып келеді.
