20 мау, 2022 сағат 07:42

Қазақстандық теннисшілер ірі жарыстарда бақ сынайды


Қазақстандық теннисшілер осы аптада ірі жарыстарда бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингте 33-орында тұрған Юлия Путинцева Истборн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирін екінші айналымнан бастайды. 

Анна Данилина жұптық сында бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге алғашқы айналымда сербиялық Александра Крунич – Польша өкілі Магда Линетпен кездеседі.

Зарина Дияс жарақатына байланысты Уимблдонды қоса алғанда, көгалдағы төсеніште өтетін додалардан тыс қалып отыр. 

Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Истборн ATP 250 жарысында бастапқы матчын америкалық Фрэнсис Тиафомен өткізеді. 

Александр Недовесов жұптық сында пәкстандық Айсам Курешимен бірге ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Генри Паттенмен шеберлік байқасады

Андрей Голубев Мальорка (Испания) ATP 250 додасында аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге алғашқы айналымда поляк Хуберт Гуркач – америкалық Себастьян Кордадан өтуге тырысады.

Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің іріктеу сайысында италиялық Лоренцо Джустиномен ойнайды. 

Тағы бірнеше қазақстандық теннисші түрлі турнирлерде өнер көрсетеді.