04 қыр, 2020 сағат 09:05

Қазақстандықтардың ЭЫДҰ елдеріндегі қаржысы туралы мәлімет алынады

Қазақстанда Тауарлар бақылануының ұлттық жүйесі құрылып жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент тапсырмасына сәйкес, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары өзектендіріледі. Офшорлық құзіретке ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдірілетін болады. Осы жылдың соңына дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің салық органдары арасындағы жеке және заңды тұлғалардың қаржылық есепшоты туралы алғашқы ақпарат алмасу болады деп жоспарланып отыр. Соған орай еліміздің резиденттері бойынша алынған мәліметтер сараланады», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар оның айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілеуді цифрландыру жұмыстары да өзектендіріліп, одан ары жалғасады. 

«Қазірдің өзінде Тауарлар бақылануының ұлттық жүйесі құрылып жатыр. Осы жылдың 1 қазанынан темекі бұйымдарын таңдалау енгізіледі. Таңбалануға жататын тауарлар тізілімі үнемі кеңейтіліп отырады. Бұл экономикадағы көлеңкелі айналымды әсіресе саудада айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.