
Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру шартын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстанның алты азаматы – бес ер адам және бір әйел жазасын өтеп жатыр.
«Қазақстанның алты азаматының бесеуі бір қылмыстық іс бойынша қамалған. Олар топ құру, абайсызда кісі өлтіру және тонау бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Әйелге келсек, ол есірткі сатқаны үшін, шамамен бес келі психотроптық заттар сатқаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған», - деді Б. Дембаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстанда сотталған БАӘ азаматтары жоқ. Осылайша, елдер арасында уағдаластық орнаса, сотталғандар жазасын Қазақстанда өтей алады.
«Араб Әмірліктеріндегі жаза біздің сот тағайындаған жазаға толық сәйкес келуі керек. Егер бізде өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылмаған болса, онда біз сотталушыны жазасын өтеу үшін қабылдай алмаймыз», - деп түсіндірді Б. Дембаев.
