10 нау, 2026 сағат 17:44

“Кездесеміз” деп алдап, ақша алған: елордада үш қыздың алаяқтық схемасы әшкереленді


Фото: ашық дереккөз


Астанада танысу сайттары арқылы ер адамдарды алдап, ақша жинаған үш қызға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.


Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернеттегі танысу платформалары арқылы ер адамдармен байланыс орнатып, оларды «романтикалық кездесу» өткізуге көндірген. Кейін жалға алынған пәтерде бірге уақыт өткізуді ұсынып, пәтерді бір тәулікке жалға алу қажет екенін айтқан.


Осы мақсатта олар интернетте пәтер жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырып, тартымды интерьер фотосуреттерін жариялаған. Жәбірленушілер көрсетілген есепшоттарға алдын ала ақша аударған.

Алаяқтық схема салдарынан 45-тен астам адам жәбірленіп, жалпы шамамен 620 мың теңге шығын келтірілген.


Ақшаны алғаннан кейін күдіктілер жәбірленушілермен байланысын үзіп, олардың нөмірлерін бұғаттап отырған.

Сот үкімімен айыпталушылардың кінәсін мойындауы және келтірілген залалды өтеуі ескерілді. Нәтижесінде үш қызға 3 жылдан 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ олар мәжбүрлі еңбекке тартылды.


Үкім заңды күшіне енді.


Қала прокуратурасы азаматтарға интернет арқылы келісім жасарда сақ болуды, ақпаратты алдын ала тексермей қаржы аудармауды ескертеді.


Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура 8 наурыз қарсаңында интернет-алаяқтық фактілері жиілейтінін ескерткен болатын.