29 мам, 2021 сағат 17:30

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Италияны 11:3 есебімен жеңді


Бүгін шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы Италиядан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы кезеңнің 2-минутында Роман Старченко Қазақстан құрамасын алға шығарса, 24-минутта итальяндық Анджело Мичели таразы басын теңестірді. Ал 32-минутта қазақстандық Егор Петухов қақпа торын дәл көздеді, ал Евгений Рымарев 35-минутта мергендік танытты. Есеп 3:1. Алғашқы екі кезеңнің нәтижесімен қазақстандық хоккейшілер басымдығын арттыра түсті. 

Шешуші үшінші кезеңде құрамалар бір-бірінің қақпасына бірнеше шайба соғып кетті. Ойынның 41-минутында Никита Михайлис өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Дегенмен арада он секунд өткенде итальяндық Петер Хоххофлер есеп айырмасын қысқартты. Бұдан кейін қазақстандық құрама сапынан Кёртис Валк 46, Артём Лихотников 47, 49-минуттарда гол соқса, итальяндық Алекс Петан 50-минутта мергендік танытты. Ал Кирилл Панюков 54, Роман Старченко 56, Виктор Сведберг 57, Егор Шалапов 59-минутта қазақстандық құраманың басымдығын арттыра түсті. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 11:3 есебімен басым түсті.

Қазақстандық хоккейшілері аталған жеңісінен кейін турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы биылғы турнирде бұған дейін бес кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті. Алдымен буллиттен Латвиядан 2:1, Финляндиядан 3:2 есебімен басым түссе, одан кейін АҚШ-қа 0:3 есебімен есе жіберді. Төртінші кездесуде Германияны 3:2 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін Канадаға 2:4 есебімен жол берді.

Айта кетсек, енді Қазақстан құрамасы 31 мамырда Норвегиямен мұз айдынға шығады. Ал Италия 30 мамырда Канадамен, 1 маусымда АҚШ-пен шеберлік байқасады.