
Қазақстанда алдағы уақытта сот шешімін орындамаған азаматтарға 100 АЕК көлеміндегі айыппұл бірнеше рет белгіленуі мүмкін. Сенаторларға Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев тың өзгерістер арқылы осындай жазалау тетігін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкімшілік сот ісін жүргізу бөлігінде жобада мынадай негізгі ережелерді енгізу көзделеді. Сот ісін жүргізудің жаңа түрінің ерекшелігі – дәлелдемелерді жинау процесінде сот белсенділігінің күшеюі. Бүгінгі таңда билік органдары дауларды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды. Алайда қолданыстағы тәртіп бір жағынан билік органы және екінші жағынан азаматтың іс жүзінде тең еместігін ескермейді», - деді Марат Бекетаев сенаторларға Мәжіліс мақұлдаған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын таныстыра отырып.
Министрдің айтуынша қазір «белсенді рөл» принципін басшылыққа ала отырып, сот дәлелдемелерді дербес жинап, даудың мән-жайын анықтауға міндетті.
«Сол үшін сот актілерінің орындалуына сот бақылау институты енгізіледі. Атап айтқанда, соттың талаптарын уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсатында жүз айлық есептік көрсеткішке дейін ақшалай жазаларды бірнеше рет қолдану мүмкіндігі көзделеді», - деді Марат Бекетаев.
