02 қыр, 2020 сағат 13:40

Қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды - сенатор

Қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жолдаудың ең басты мақсаты – елімізді экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамыту және коронавирус індетінің салдарын еңсеру. Сонымен қатар Президент әділетті мемлекет құруға бағытталған жоспарларын ортаға салды», - деді сенатор. 

Оның айтуынша, былтырғы Жолдауда айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы биыл да жалғасын тауып отыр. 

«Расымен, азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуы, билік пен азаматтардың жауапкершілігін арттыру аса маңызды және осындай қатынастарды заңды реттеу ісіне де басымдық берілді. Президент Жолдауда мемлекетте орын алатын қоғамдық қатынастарға қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы мақсатта қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау туралы ұсынысын жеткізді», - деді Л. Сүлеймен. 

Айта кетейік, 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.

«Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын», - деді Президент.