
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, жалпы қоғамдық кеңестер туралы заңның өзі Елбасының тапсырмасымен 2015 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілген.
«Уақыт көрсеткендей, құжат та, қоғамдық кеңестер институты да өзін өзі ақтады. Бүгінгі ұсынылып отырған түзетулер тек олардың қызметін одан ары жетілдіруді көздейді. Қолданыстағы заңға 40 жаңа норма және 28 өзгеріс енгізу ұсынылады. Бірінші - қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау. Бұл жердегі басты талап - дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сондықтан жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан тағайындау ұсыналады. Заң жобасы кандидаттар есебінен резервтік тізім жасау, кеңес құрамынан шыққандардың орнына резервтік тізімнен жаңа мүшелер сайлау үшін қосымша конкурс жариялауға мүмкіндік береді. Кеңестер құрамын уақытылы толықтырып отыру мәселесі бұған дейін көп айтылатын. Біздің ойымызша, жаңа норма бұл мәселені тиімді жолмен реттейтін болады», - деді министр.
Оның айтуынша, екіншіден қоғамдық кеңестердің өкілеттігін көтеру көзделеді. Заң жобасы қоғамдық кеңестерге өтініштер мен нормативтік-құқықтық актілер жобасын олардың қоғамдық маңыздылығына қарай өздері іріктеп қарауға құқық береді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестерге жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларының есебін тыңдауға өкілеттік беретін норма енгізіледі.
«Тағы бір тоқтала кететін маңызды өзгеріс - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу конкурстық комиссияларына қоғамдық кеңес мүшелерін қатыстыруға өкілеттік беретін толықтыру бар. Үшінші - қоғамдық бақылауды жүргізу процедурасын реттеу. Бұл бұрын заңмен айқындалған қоғамдық бақылаудың барлық 4 формасын қамтиды. Атап айтқанда, қоғамдық талқылаулар, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және мемлекеттік орган жетекшілерінің есебі. Ол үшін өкілетті орган осы рәсімді ұйымдастыру және өткізу ережелерін әзірлейді», - деді ол.
Министр төртіншіден қоғамдық кеңестердың қызметін ұйымдастыру қамтамасыз етілетіндігін айтады. Яғни, бұдан былай жергілікті деңгейлерде ұйымдастыру жұмыстары мәслихаттарға жүктеледі.
«Өздеріңізге мәлім, бұл міндет бұған дейін жергілікті әкімдіктерде болатын. Алайда қоғамдық кеңестердің бастамасы бойынша және депутаттардың қолдауынан кейін заң жобасына тиісті өзгертулер енгізілді. Бесінші - қоғамдық кеңестер саласында өкілетті органды анықтау. Бұл орайда өкілетті орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынылады. Оның басты міндеті - кеңестер қызметін үйлестіру және әдістемелік көмек беру. Сондай-ақ Мемлекет басшысына қоғамдық кеңестер қызметі туралы жыл сайын ұлттық баяндама жасалады. Алтыншы - квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру. Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмалар негізінде квазимемлекеттік секторда, атап айтқанда ұлттық компанияларда, үлттық холдингтерде, ұлттық басқару холдингтерінде қоғамдық кеңестер құру жөніндегі толықтырулар енгізілді», - деді Аида Балаева.
