23 жел, 2022 сағат 13:58

Көкшетау тұрғыны әйелін пышақтап, үйден қашып кетті

Сурет: liter.kz

Көкшетау тұрғыны әйелін пышақтап, үйден қашып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Полицияның хабарлауынша, 20 желтоқсан күні таңғы сағат 06:55-те жедел жәрдемнен хабар түскен. 30 жастағы әйел кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Ол дереу облыстық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға болған жерге барған тәртіп сақшылары әйелді пышақтап кеткен оның күйеуі екенін анықтады. Ол жанжалдан кейін қашып кеткен. Тәртіп сақшылары бірден жақын жүрген патрульдік экипаждарға хабар беріп, 26 жастағы ер адам екі сағаттың ішінде ұсталған.

Қылмыс орнынан ас үй пышағы да табылды. Тергеу кезінде ер адам сол күні әйелі екеуі жанжалдасып қалғанын айтты. Ол ішімдік ішкен болып шықты.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 1-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.