05 нау, 2021 сағат 11:43

Көкшетауда латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды

Бүгін Көкшетауда «Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шараға аудандық тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, оқытушылары мен әдіскерлері, халықты әліпбидің жаңа нұсқасымен таныстыратын мекемелердің қызметкерлері қатысты. 

Қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова өз сөзінде бүгінгі күні қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуі және оның нақты нұсқасы бойынша қағидатты мәселелер шешілген кезде, күн тәртібінде ақпараттық - түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және ересектерді оқытуға дайындық бойынша бірқатар мәселе туындайтынын айтты. Мұны Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері де алға тартты. 

«Қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшіру бойынша қарқынды жұмыс жоспарланып отыр. Жаңа әліпбиге біртіндеп көшу 2023-2031 жылдарға жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар латын әліпбиіне көшуді түсіндіру, ілгерілету және енгізу бойынша тілдік дайындық орталықтарында жалғасуда. «Тіләлемі» және «Qazlatyn» сайттарындағы жаңалықтар мен жобалар әрдайым басты назарда және әлеуметтік желілерде жарияланады», - деп атап өтті әдіскер Әсемгүл Қарсабаева.

Қазақ әліпбиінің тарихы бойынша деректерді ұсынған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология ғылымдарының магистрі Лайс Мусин әліпбидің жаңа графикасы мен құрамы, дыбыс – фонема арақатынасы, қазіргі дыбыс және емле нормалары мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде тыңдаушылар ересек тұрғындарды латын графикасындағы қазақ әліпбиіне оқыту үшін өз білімдерін толықтыруы тиіс, деп есептейді ұйымдастырушылар. 

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа латын графикасын енгізу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.