
Қазақстандықтардың күнкөріс деңгейінің мөлшері туралы мәселені алматылық коммунистер көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғамдық талқылау барысында тәуелсіз сарапшы, «3ES-Инжиниринг» ЖШС құрылтайшысы Қадырсейіт Айханов Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарау мәселесі бойынша өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, ең төменгі жалақы күнкөріс деңгейінің негізінде қалыптасады және ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек.
«Күнкөріс деңгейі дегеніміз - адамның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау үшін жеткілікті шығындардың болуы. Ол қалай есептелуі керек? Мен мұны зерттей бастадым. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің негізінде ең төменгі жалақы қалыптасады, ол күнкөріс деңгейінен төмен бола алмайды. Бұл тек соғыста, құрғақшылықта немесе дағдарыста минималды болуы мүмкін. Енді біз мемлекетіміз қандай жағдайда екенін анықтап алуымыз қажет. Мәселен, бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейі - 34 мың теңге, ол бекітілген. Енді осыны бөлейік. Азық-түлікке 17 мың теңге және 17 мыңы басқа тауарларға, оның ішінде мәдени және әлеуметтік қажеттіліктер де кіреді. Яғни, 17 мыңға театрға барып, маникюр жасатып, коммуналдық төлемдерді төлей аласыз ба? Шындыққа жанаспайды. Мысалы, таңғы, түскі және кешкі асты 300 теңгеден алыңыз. Бір адамға, былайша айтқанда, күніне кем дегенде 1000 теңге қажет. Егер бұл соманы 30 күнге көбейтсек, 30 мың теңге. Ал, бізге бұл шығындарға 17 мың ғана бөлінді», - деді спикер.
Коммунистердің пікірінше, қазақстандықтардың күнкөріс деңгейін дүкенге немесе базарға бармайтын адамдар санаған. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін қазіргі заманғы қажеттіліктерді ескере отырып қайта қарау керек.
«2020 жылдың маусым айында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 13,7% артық. Алайда, бәріміз көріп отырғандай, бұл сома халықтың қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері кем дегенде екі есе өсуі керек. Қыс келе жатыр. Сонымен қатар, адамдар коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Ал біздің арамызда жұмыссыз, баспанасыз жүргендер көп. Олардың жағдайына бейжай қарауға болмайды. Бізде партияда қоғамдық қабылдау бар. Күн сайын ондаған адам келеді. Олардың басым бөлігі - көпбалалы аналар мен әкелер», – дейді партия мүшесі Гүлдана Нұрпейісова.
