11 мам, 2026 сағат 15:05

Қорқыту фактісі дәлелденді: ақтөбелік тұрғынға сот үкімі шықты


Фото: ашық дереккөз


Ақтөбе облысында бұрынғы қайын атасына қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген жігіт қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды «Диапазон» басылымы.


Оқиға ауылдық елді мекендердің бірінде болған. Тергеу мәліметінше, 27 жастағы азамат бұрынғы әйелінің әкесіне телефон шалғанымен, ол тұтқаны көтермеген. Осыдан кейін ашуға булыққан жігіт оған қоқан-лоқы мазмұнындағы 14 аудиохабарлама жолдаған.


Қауіптенген ер адам өз өміріне алаңдап, полицияға жүгінген. Іс барысында психологиялық-филологиялық сараптама жүргізіліп, хабарламаларда жәбірленушіге зиян келтіру ниетінің анық байқалатыны расталған.


Айыпталушы жазбалардағы дауыс өзіне тиесілі екенін жоққа шығармаған. Ол мұндай әрекетке ашумен барғанын айтып, ешкімге нақты зиян келтіру ойы болмағанын алға тартқан. Алайда бұл уәждер оның жауапкершіліктен құтылуына негіз болмады.


Сот жәбірленушінің қауіптенуіне жеткілікті негіз болғанын ескеріп, айыпталушыны қылмыстық теріс қылық жасаған деп таныды. Нәтижесінде оған 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.