Бейнеден алынған кадр / 24.kz
Ақтөбеде Жеңіс күні қарсаңында ел жүрегін толқытқан тың дерек көпшілікке ұсынылды. Әлия Молдағұлованың соғысқа аттанар алдында жазған бұрын белгісіз болып келген хаты алғаш рет жұрт назарына ұсынылды, деп хабарлайды Ult.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Құнды жәдігерді Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музей қорынан көруге болады. Батыр қыз бұл хатты бала күнгі досы Олегке арнап жазған. Онда ол мергендер мектебінде білім алып жүргенін және Отан қорғауға аттануға деген зор ықыласын ерекше қуанышпен жеткізеді.
Музей қорында бұған дейін қаһарманның жеті хатының көшірмесі сақталған болса, сегізінші хат мемлекеттік архивтен табылып, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл жәдігер белгілі журналист, деректі фильмдер сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке мұрағатынан алынған.
Хат мазмұнында Әлияның қайсар мінезі айқын сезіледі. Әскери комиссариатқа бірнеше рет жасы жетпегеніне қарамастан қайта-қайта барып, ақыры арманына жеткенін жазады. Сонымен қатар ол Аркадий Гайдарның сөздерінен шабыт алғанын да атап өтеді. Бұл оның рухани әлемі мен мақсаткерлігін айқындай түседі.
Тарихшылардың айтуынша, бұл хат шамамен 1943 жылы, Әлия мергендер мектебін үздік аяқтаған кезеңде жазылған. Көп ұзамай ол майданға аттанып, 54-ші арнайы атқыштар бригадасы құрамында ерлікпен шайқасады.
Хат жолдарында туған жерге деген сағыныш, достыққа адалдық және Отан алдындағы борышқа деген беріктік айқын аңғарылады. Батыр қыз өз ойын небәрі бірнеше сөйлеммен жеткізсе де, оның әрбір жолы – тұтас бір дәуірдің үні іспетті.
Көрмеде сондай-ақ ақын Абай Құнанбайұлының өлең жолдары да ұсынылған. Бұл өлең арқылы батырдың өмірлік ұстанымы мен рухани биігі көрініс табады.
Айта кетейік, музейде ашылған арнайы көрмеде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 40-тан астам ақтөбелік жауынгердің фотосуреттері, марапаттары мен жеке заттары қойылған. Көрме келушілерге тек тарихи дерек емес, ел үшін жанын қиған ерлердің өр рухын сезінуге мүмкіндік береді.
