
Коронавирустен қаза тапқан адамдардан да індет сау адамға жұғады. Бұл туралы бүгін өткен онлайн-брифингте ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Коронавирустен қаза тапқан адамдардан індет сау адамға жұға ма?» деген сауал да түсіп жатыр. Әрине, жұғады. Қоғамдық көліктерді, лифтілерді бостан-босқа залалсыздандырып жатқан жоқпыз. Лифті түймешесіне қарағанда коронавируспен ауырған адам әлдеқайда қауіп тудырады. Сондықтан мүрдеге оның туыстарының жақындауына тыйым салып отырмыз. Жоғары қорғаныс құралдары бар санитарлық-эпидемиология қызметтің бақылауымен мүрдені жуу және жерлеуге дайындау рәсімдерін жүргіземіз", - деді Зәуреш Жұмаділова.
Сонымен қатар ол қаза тапқан адамдар мен көңіл айтушылардың арасында қашықтық сақталуы, мүрде мен жаназаға жиналғандардың ара қашықтығы кемінде 3 метр болуы тиістігін баса айтты.
