30 сәу, 2020 сағат 13:08

Коронавирусқа тест медициналық сақтандыру бойынша неге тегін жасалмайды: Министр түсіндірді

Жұмыс істейтін азаматтың коронавирусқа жоспарлы түрде тест тапсыруы таяу болашақта нормаға айналады. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Айта кетейік, Facebook-те Вера Захарчук есімді желі қолданушы коронавирусты анықтайтын тест Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға неге тегін болмайтындығын сұрап, жазба қалдырған болатын.

«Бұл мәселені қазір ғана талқылауды аяқтадық. Осы уақытқа дейін 4 санат бойынша атап айтқанда, шетелден келгендерге, ауырғандар мен олармен қарым-қатынаста болғандарға, карантин кезінде де жұмыс істеп жатқандарға (дәрігерлер, әскери қызметшілер, коммуналдық жұмысшылар және т.б.) және қарттар үйінің контингентіне 250 мыңға жуық тегін тест жүргіздік. Іс жүзінде 3 және 4 санаттағылардың 90 пайызына (шамамен 70 мың адам) қайтадан тегін тест өткізілді. Жалпы, бұл оңай емес әрі шығыны көп. Оған қазірдің өзінде бюджеттен 2,8 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды», - деді Елжан Біртанов. 

Осы ретте министр ұшақпен сапарларға бірнеше қалаға ғана барынша сақтықпен рұқсат беріліп отырғанын атап өтеді. 

«Жағдай бойынша қарайтын боламыз (оларды қайта тоқтатудың қажеті болмас деп үміттінемін. Оны да жоққа шығармаймыз), елімізде эпидемия әлі аяқталған жоқ. Бірақ экономиканы кезең-кезеңмен жандандыру қажет», - деді ол. 

Сонымен қатар ведомство басшысы індет беті қайтқаннан кейін халықты тұрақты тестілеу үш бағыт бойынша ұсынылып отырғанын жазды: 

ауырған және олармен қарым-қатынаста болғандарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында бюджет қаражаты есебінен; 

- жұмыс істейтін және сақтандырылған тұрғындарды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен арнайы кесте бойынша; 

- қалғандары - ақылы. 

«Таяу болашақта жұмыс істейтін азаматтың тұрақты жоспарлы тестілеуден өтуі нормаға айналатын сияқты. Жиілігі - жұмыс сипатына және өндірістің эпидемиологиялық қаупіне байланысты. Бұл арнайы алгоритм - кесте болмақ. Ол қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде талқыланып жатыр. Бірақ, бұл азаматтардың басым бөлігіне қауіпсіздікте болуға, елде және әлемде саяхаттауға мүмкіндік береді», - деді Елжан Біртанов.