24 ақп, 2023 сағат 12:44

"Қоспаев" ҰҚТ мүшелерін шекарадан өткізген тұрғын ұсталды

Фото: ҚМА

Жамбыл облысының прокуратурасы "Қоспаев" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін мемлекеттік шекарадан өткізген адам ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі ҰҚТ мүшелері Шалин, Имашев және Қоспаевқа Қылмыстық кодекстің 249 (рейдерлік) және 262-баптары бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және қатысу) жасаған қылмыстары үшін халықаралық іздеу жариялаған.

Ведомство мәліметінше, олар Жамбыл облысының аумағында орналасқан мемлекеттік шекара арқылы елден шығып кеткен.

"Былтыр 10 қарашада Қордай аудандық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі ("Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру") бойынша қылмыстық істі тіркелген. Ал 11 қарашада Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаровтың қаулысымен полиция және шекара басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен мекемеаралық топ құрылған.

Прокуратурамен жүргізілген үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген тұлғаларды өткен жылдың 6 тамызында Сортөбе ауылының маңында брод арқылы мемлекеттік шекарадан өткізуді ұйымдастырған жергілікті тұрғын анықталып, құрықталды" - делінген хабарламада.

Күдікті кінәсін толық мойындады. Соталды тергеу жұмыстары жалғасып жатыр және іс прокуратураның бақылауында.