22 мау, 2021 сағат 21:24

ҚПЛ: «Астана» «Ордабасыға» есе жіберді


Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он жетінші туры басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы ойында елордада «Астана» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен шеберлік байқасты. 

Кездесу барысында шымкенттік клуб бірінші кезеңнің өзінде алаң иелері қақпасына екі гол соғып үлгерді. Алдымен 21-минутта Бағдат Қайыров «Астана» қақпашысын қапы қалдырса, одан кейін 24-минутта Жоао Паоло есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде тізгінді елордалық команда өз қолына алуға тырысты. Десе де оларға сәттілік жетіспей жатты. Кездесуде «Астана» қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, бүгін аталған турда тағы екі ойын өткізіледі. Дәл қазір Оралда «Ақжайық» пен Қарағандының «Шахтер» арасындағы кездесудің екінші, «Ақтөбе» мен «Қызылжар» ойынының бірінші кезеңі өтуде. Әзірге есеп 0:0. 

Ал 23 маусымда 18.00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау», 19.00-де «Қайрат» (Алматы) пен «Каспий» (Ақтау), 20.00-де «Тараз» бен «Тұран» (Түркістан) ойындары болады. Бұл турды 21.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесуі түйіндейді.