07 қыр, 2020 сағат 13:54

ҚР Үкіметі агроөнеркәсіп саласын дамытудың Ұлттық жоспарын әзірлейді

Қазақстанда алдағы бес жылда агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған Ұлттық жоспар дайындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел Президенті Үкіметке агроөнеркәсіп саласын дамыту бойынша тапсырмаларды жүктеді. Ол міндеттерді алдағы бес жылға арналған Ұлттық жоспар арқылы орындау көзделген. Қазірдің өзінде салалық қауымдастықтардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, «Атамекен» палатасы мен бизнес саласының, агроғылымның өкілдері кірген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жер ресурстары мен қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, агроғылымды дамыту, ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздік, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оны өңдеу есебінен экспортты арттыру мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлейді», - деді Премьер орынбасары Роман Скляр Үкіметтің баспасөз орталығында журналистерге.

Оның айтуынша, өңдеу саласындағы кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру үшін мемлекеттің қосымша қолдау шараларының көмегімен етті, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, май, балық өнімдерін өндіру мен өңдеу бойынша эксожүйелер құрылады.

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі керектігін мәлім еткен болатын.