20 ақп, 2026 сағат 19:25

ҚР Ұлттық орталық музейінде «Алтын Орда» жаңа көрме залы ашылады


Фото: gov.kz

Аида Балаева Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейіндегі «Алтын Орда» жаңа көрме залымен танысты. Экспозиция қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған тарихи маңызды кезеңдердің біріне арналған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.

Экскурсия барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі музей экспозицияларын ұйымдастырудағы терең әрі ғылымға негізделген тәсілдерді атап өтіп, Алтын Орда мұрасын келер ұрпаққа кеңінен насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.

Жаңа зал ашудағы басты мақсат – көпшілікті XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орданың тарихымен, мәдениетімен таныстыру, оның қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретіндегі рөлін көрсету және қоғамның тарихи санасын қалыптастыру.

Көрмеде музей қорынан алынған 200-ге жуық жәдігер ұсынылған. Қалалық мәдениет бөліміне тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, Алматы облысы Шеңгелді ауылы маңынан табылған Шағатай әулеті ақсүйектерінің салтанатты киіміндегі жібек маталардың қиындысы қойылған. Әскери өнер бөлімінде қару-жарақ элементтері көрсетілген. Мемлекеттік құрылымға арналған бөлімде Алтын Орданың басқару жүйесі, билеушілер генеалогиясы және Қазақ хандығымен тарихи байланысы баяндалады.