09 нау, 2023 сағат 10:12

Криптовалютаны заңсыз айырбастаумен айналысқандар ұсталды

Фото: stan.kz

Астанада ҚР үш азаматының "ABS Change" крипто айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметі әшкереленді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, аталған азаматтар заңсыз әрекеттерін АХҚО алаңынан тыс жерде, 2021-2023 жылдар аралығында Астана қаласының аумағында жүзеге асырған.

"Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде айырбастау пунктін ұйымдастырушылардың заттары, 342 000 АҚШ доллары және 7 миллион теңгесі тәркіленді. "Binance" платформасында 2 крипто-әмияннан 23 мыңға жуық АҚШ доллары сомасына криптоактивтер анықталып, оларға уақытша шектеу қойылды.

Алдын ала есеп бойынша "Binance" платформасындағы крипто айырбастау пунктінің крипто-әмияндарының жалпы айналымы шамамен 34 миллион АҚШ долларын құрады", - делінген хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.