07 жел, 2022 сағат 13:24

Үш адамның өмірін қиған атыс: 13 күдікті ұсталды


Полицейлер 2022 жылдың мамырында Қызылордада үш адамның өмірін қиған атыс бойынша күдіктілерді ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетовтің айтуынша, қылмыстық іс аясында 13 адам ұсталып, оларды қылмыстық қудалау органдары күдікті деп таныған.

"Бұл дерек соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілерден бес қару анықталып, тәркіленді", - деді Нұрмағанбетов.

Тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында 55 сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындылары қылмыстық іске тіркелді.

"Соталды тергеп-тексеру барысында анықталған өзге де мәліметтер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талабына сәйкес жариялануға жатпайды", - деп толықтырды ол.