22 қаз, 2019 сағат 11:23

Латын әліпбиіне көшу әдістемесін әзірлеуге мыңнан астам маман қатысты

Сондай-ақ, сала мамандары ұсынған латын әліпбиіне негізделген пернетақта Lenovo компаниясының сынағынан өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Латын әліпбиіне негізделген пернетақтаны сынақтан өткізу жұмыстары кезінде әріптердің Unikod стандарттарына сай емес жерлері белгілі болды. Бастаған кезде әр әріптің пернетақтада қалай тұратынын білген жоқпыз. Қазір соны пернетақтаға салып сынаудың мүмкіндігі туды. Биыл Lenovo компаниясымен бірге латын әліпбиіне негізделген пернетақта шығарып, тестілеу режимінен өткізгенбіз. Соның қорытындысына сәйкес, әріп теру кезінде әртүрлі кедергілер туғызатын әріптер бар екені мәлім болды. Яғни ғалымдар ұсынған кей таңбалар Unikod стандартына сай келмейтін болып шықты. Осы күнге дейін мыңнан астам маманмен латын әліпбиіне көшу бойынша әдістемелік жұмыс жүргіздік. Оның ішінде әртүрлі буын мен сала өкілдерінің пікірлері алынды. Өздеріңіз білетіндей, кеше Президент соның барлығын жүйелеп, ұсынылған түзетулерді енгізуді тапсырды», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, елордада өтетін тіл форумы аясында ғалымдар дайындаған латын графикасының оқыту-үйрету әдістемелері таныстырылады.

«24 қазан күні Тіл форумында жаңа әліпбиге негізделген оқыту және үйрету әдістемелері, латын графикасының IT технологияларға бейімделген жобалары таныстырылады. Форумның мақсаты да сол - Елбасы тапсырмасына сәйкес, қазақ тілін латын графикасына көшіру бағытында атқарылған жұмыстарды талқылау. Сонымен қатар, форумда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мәселелері қаралады», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, 24 қазан күні елордада «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» тақырыбында тіл форумы өтеді.