16 қаз, 2025 сағат 15:40

Лотерея ойнатқан блогерлер сотталуы мүмкін

Фото: видеодан скриншот

Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігі танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенатта өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу басталды. Іс кеше немесе алдыңғы күні тіркелді. Олар елімізде жүр», — деді Елемесов.


Аталған бапқа сәйкес, заң бұзған тұлғалар 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (шамамен 7,7 млн теңге) айыппұлмен, 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстармен немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу жазасымен жазалануы мүмкін.

Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігі блогерлер жүргізетін заңсыз онлайн-лотереяларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

«Қазір бұл мәселе бойынша басқа мемлекеттік органдардың ұсыныстары жиналуда. Кейін Үкімет пен Мәжіліске шығарамыз. Біз бұған дейін қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгіздік. Мұнда да соған ұқсас шара қарастырылып отыр», – деді ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.


Айта кетейік, Жанабыловтар әлеуметтік желілерде 11 көлік ойнатамыз деп жарнама жіберіп, кейін тек 30 мың теңгеге курс алғандар арасында ғана ұтыс ойнатамыз деп мәлімдеген. Наразы болған жұрт блогерлердің үстінен арыз жазды.