07 сәу, 2020 сағат 12:35

Мәдениет министрлігі карантинде қандай онлайн жобаларды жүзеге асырып жатыр

ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобаны онлайн нұсқада жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, күн сайын сағат 08:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу өтеді. Бұл жоба аясында елге есімі таныс атлеттер тұрғындарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейді.

Ал сағат 12:00-де #óneronline хэштегімен мəдениет саласында онлайн-дәрістер өтіп жатыр. Тəжірибелі шеберлер өз саласының қыр-сырымен таныстыратын жобаны Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook парақшасынан тамашалауға болады. 

Сағат 14:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спорт тақырыбында онлайн-дəрістер мен жарыстар өтеді. Мұнда спорт майталмандары əр спорт түрінің қалыптасуы, тарихы, дамуы жайында баяндайды. 

Сағат 17:00-де #óneronline хештегімен мəдениет, өнер тақырыбында онлайн-дəрістер ұйымдастырылады. Бұл шеберлік-дәрісін де Мәдениет және спорт министрлігінің Фейсбук парақшасынан тамашалауға мүмкіндік бар. 

Сағат 18:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хэштегімен спортшылардан, бапкерлер мен спорт мамандарынан онлайн-сұхбат алынады. Қысқа əңгіме барысында спортшылар қызықты оқиғаларымен, ал бапкерлер өз жұмысының ерекшелігі жайында баяндайды. 

Сағат 21:00-де «Карантиндегі жұлдыз» айдарымен эстрадамыздың танымал əншілері онлайн-концерт береді. Сонымен қоса өнер иелері тыңдарман тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасады. 

Көрермендер онлайн-концертті Қазақтелекомның Youtube арнасынан және Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook парақшасынан тамашалай алады. 

Мұнан бөлек, 1 сәуірден бастап сағат 9:30, 13:30, 16:30-да мəдениет, өнер тақырыбында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ радиосының бірлескен жобасы - «Халық қазынасы» тікелей эфирде шығып жүр. 

Сондай-ақ, «Тіл-Қазына» орталығы «Мемлекеттік тілді оқыту əдістемесі» атты онлайн-курстар ұйымдастырады.