11 нау, 2020 сағат 06:17

Мәскеуде коронавирусқа байланысты бұқаралық шараларға шектеу қойылды

Мәскеу мэрі Сергей Собянин ел астанасында 5 мыңнан астам адам қатысатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғаны туралы хабарлады. Бұл шектеу 10 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«Бүгін мен Мәскеуде 5 мыңнан астам адамның қатысуымен өтетін бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойдым», - деп хабарлады сейсенбі күні Собянин өз жазбасында. 

Оның айтуынша, футбол және хоккей ойындарын қоса алғанда, спорттық іс-шараларға келушілерге де шектеу қойылады, қатысушылар мен жанкүйерлер саны 5 мыңнан аспауы керек. 

Собянин коронавирустық инфекцияның таралу жағдайы қиындағанын атап өтті. «Біз Италиядағы, Германияда және басқа да еуропалық көршілерімізде жағдай қалай асқынып жатқанын көріп отырмыз», - делінген хабарламада. Осыған байланысты, Мәскеу мэрі адамдардың денсаулығын қорғау үшін қосымша шектеу шараларын қабылдау қажет екенін айтты. 

Еске сала кетейік, коронавирус инфекциясы желтоқсан айында ҚХР-да тарала бастады. Қазіргі уақытта 100-ден астам елде вирус жұқтыру жағдайлары анықталған.