01 қаз, 2018 сағат 18:29

Мәулен Әшімбаев мектеп асханаларының жұмысын жаңғыртудың нақты бағыттарын айтты

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен отырыста белгілі болды. Аталған жиында партияның мектеп асханаларын жаңғыртып, балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жобасын тиімді жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Алдымен, елімізде мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесіне қатысты аурулардың көбейгеніне назар аударған жөн. Одан бөлек, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып отыр. Мұндай мәселе негізінен дұрыс тамақтанбау салдарынан туындап отырғанын айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мектептердегі ас мәзірінің шын мәнінде көңіл көңшітпейтінін, оқушыларға көбіне ұн өнімдері мен құрамында қанты көп түрлі тәттілер ұсынылатынын жеткізді.

Бұл мәселенің саламатты ұлт болып қалыптасуымызға тікелей әсер ететініне назар аударған Мәулен Әшімбаев оны шешудің нақты бағыттарына тоқталды.

– Біріншіден, мектеп асханаларында ғылыми негізге сүйенген және пайдалы әрі дәмді тағам түрлері ұсынылған тамақтанудың бірыңғай стандартын енгізу қажет. Екіншіден, тамақтану үдерісін ұйымдастырудың ұтымды тәсілі дайындалуы керек. Бұл жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің, тамақтану комбинаттарының және жеке кәсіпкерлердің бастамаларын ескеріп, ең тиімдісін республикалық деңгейде жүзеге асырғанымыз жөн. Үшіншіден, тамақтану стандартының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мәселесі. Бұл жұмысқа ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар белсенді қатысса, нақты жүйе қалыптасар еді. Төртіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарымен, сарапшылармен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар арасында, жалпы қоғамда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың берері мол, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің бес бірдей облыстарында асханасы немесе буфеті жоқ мектептердің бар екенін, соның салдарынан балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасалмай отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде елімізде осындай 538 мектептің бар екені белгілі болып отыр.

Айта кетейік, жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин, Білім және ғылым минитрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов, басқа да мемлекеттік орган өкілдері, қоғам белсенділері мен сарапшылар және ата-аналар пікір білдіріп, мәселені тиімді шешуге бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.