Фото: ҚР ҒЖБМ
Қазақстанда интернетте жалған дипломдар туралы ақпараттың көбеюіне байланысты жоғары оқу орындары түлектерінің құжаттарын тексеру тетігі күшейтілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдарды қамтитын бірыңғай деректер базасын құрды, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрліктің мәліметінше, дипломдардың мазмұнына қойылатын талаптар мен олардың ресми сериялары белгіленді. Енді әрбір диплом арнайы модуль арқылы бірегей нөмір және QR-код беру жолымен генерацияланады. Бұл жүйеге қол жеткізу құқығы тек ресми тіркелген университет қызметкерлеріне ғана беріледі.
Диплом нөмірін қалыптастыру «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) деректеріне негізделеді. Егер студент туралы ақпарат ЖББП базасында жоқ болса, дипломды заңды түрде рәсімдеу мүмкін емес. Демек, бірегей нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жарамсыз деп танылады.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сату деректерін тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған құжат жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеуге не айыруға әкеп соғады.
Бүгінгі күні 46 жалған диплом мен оларды заңсыз дайындаған 20 интернет-ресурс анықталып, материалдар ІІМ мен МАМ-ға жолданған.
Жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырады. Ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасында қолжетімді.
Ұлттық ведомство азаматтарды жалған диплом жасаудың немесе қолданудың заңмен қатаң жазаланатынын ескертеді.
