22 мау, 2021 сағат 20:40

Мәулен Әшімбаев: Түркі әлемі – ортақ тамыр, тарих, тағдыр, таным біріктірген халықтар


Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Түркістан шаһарында өтіп жатқан «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты түркітілдес елдер жастарының халықаралық саммитінде сөйлеген сөзі.

***

Қайырлы күн, құрметті достар!

 

Қасиетті Түркістан жерінде түркітілдес елдер жастарының халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Бұл шараға түбі бір түркі жұртының көш бастар белсенді жастары жиналды.

Қастерлі қазақ даласына, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан топырағына қош келдіңіздер!

Осы форум аясында өздеріңіздей жалынды да жігерлі жастармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын.

Наурыз айында Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өткенін білесіздер.

Оған кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары қатысып, Түркістан декларациясын қабылдаған еді.

Соған сәйкес, Кеңеске мүше мемлекеттер түркі әлеміндегі берік ауызбіршілікті және елдеріміз арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Сондай-ақ, ұзақ мерзімді ортақ мақсаттарды анықтап, стратегиялық бағдарды айқындады.

Оның ішінде түркі жастарының бірлігі мәселесі де басты назарда болғаны сөзсіз.

Бүгінгі іс-шарамыз сол іргелі жиынның нәтижесі десек, қателеспейміз.

Жиынның Түркістанның төрінде өтіп жатқаны кездейсоқтық емес.

Түркістан – бүкіл түркі әлемі үшін қасиетті орын, қастерлі мекен.

Мұнда тек түркі халықтары емес, тұтас Ислам әлемі қадір тұтатын Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар.

Одан басқа көптеген бабаларымыз бен даналарымыз осы жерде жатыр.

Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары бұл қастерлі мекен қайтадан түлеп келеді.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тамаша ғимараттар бой көтеруде.

Осылайша, көне Түркістанның ХХІ ғасырдағы жаңа бейнесі қалыптасуда.

Шаһардың осындай жетістігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз шешімінің нәтижесі.

Осыдан тура үш жыл бұрын Елбасы Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған еді.

Содан бастап Түркістанның екінші тынысы ашылды.

Бұрын тарихи шаһар болып келген Түркістан заманауи, көрікті қалаға айналды.

Түркістанды дамыту ісі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында.

Соған сәйкес рухани шаһар өзінің тарихи символдық рөлін нығайта түсуде.

Көктемде өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы соның жарқын көрінісі.

Алып Тұран даласын мекен еткен түркі халықтары көне Ясыны, бүгінгі Түркістанды ежелден рухани орталық санаған.

Әрдайым өзінің бабасы мекен еткен атақонысы ретінде қабылдаған.

Сондықтан Түркістанның өркендеуі тұтас түркінің абыройын асырады және айбынын асқақтатады.

Түбі бір түркінің берекесін арттырып, бірлігін нығайта түседі.

Сол себепті, бүгінгі кездесуге жиылған сіздердің баршаңызға Түркістан рухани туыс қала деуге толық негіз бар.

Көне шаһардың төрінде басқосудың бір себебі осында жатыр.

Түркі әлемі – ортақ тамыр, тарих, тағдыр, таным біріктірген халықтар.

Ғасырлар бойы алып кеңістікте қатар өмір сүрген, тең өскен ұлттар.

Біздің рухани байланыстарымыздың тамыры тереңде жатыр.

Өзара ынтымақтастығымыз уақыттың сынынан сүрінбей өтті.

Тарихқа үңілсек, сауда-саттығымыз ешқашан толастамаған, мәдени қарым-қатынастар да еш үзілмеген.

Түркітілдес мемлекеттердің бірқатары ХХ ғасырда Кеңес Одағының құрамында болғаны белгілі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің қарым-қатынасымыз жаңаша сипатқа ие болды.

Себебі, егемендікке қол жеткізген бауырлас елдер ынтымақтастық орнатуға бар күш-жігерін жұмсады.

Бүгінде түркітілдес елдердің өзара байланысы жоғары деңгейде деп сенімді түрде айта аламыз.

Оған көпжақты платформалардағы тығыз әріптестігіміз дәлел.

Мысалы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Кеңес аясында әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға баса мән беріліп отыр.

Мәдени байланыстарды нығайту ісі де назардан тыс қалған емес. Бұл бағытта бірнеше ұйым қызмет етуде.

Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен Түркі академиясын ерекше атап өткен жөн.

Академия түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениетін тереңнен зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орнын айқындауға үлкен үлес қосып келеді.

Біздің елдеріміздің арасындағы парламентаралық байланыстар да жақсы жолға қойылған.

Бұл бағытта қызмет ететін Парламенттік ассамблея бауырлас елдер арасында заңнама саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор ықпалын тигізуде.

Түркі жастарының арасында өзара ынтымақтастықты нығайту ісі де қолға алынып жатыр.

Бүгінгі басқосуды жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың тың формасы деп есептейміз.

Алдағы уақытта жоғарыда аталған ұйымдар аясында жастардың кездесулері, тәжірибе, ой-пікір алмасулары жиі ұйымдастырылады деп сенеміз.

 

Құрметті достар!

 

Жүріп өткен жолымызға қарасақ, ортақ жетістіктеріміз жетерлік. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды.

Біз алдағы уақытта түркітілдес елдердің өзара байланысын жаңа белеске шығаруымыз қажет.

Осы үрдістен жастарымыз қалыс қалмауы керек.

Бұл мәселеде тіпті жастар орталық мәнге ие болуы шарт. Себебі, болашақ жастардың қолында.

Алдағы қарым-қатынастарымыздың күн тәртібін айқындауда сіздердің рөлдеріңіз ерекше.

Түркі әлемін жаңа биікке көтеру үшін сіздер, ең алдымен, түркілердің жаһандық өркениетке қосқан үлесін терең білулеріңіз қажет.

Түркі дүниесі алып өркениеттің ошағы болған аталы жұрт. Жоғары дамыған білім мен ғылымның, мәдениеттің әлемдік орталықтарының бірі.

Біз осыны үнемі есте сақтауымыз қажет.

Тұран даласында көшпелі және отырықшы тұрмыс қатар дамыды. Соның негізінде қайталанбас мәдениет қалыптасты.

Біздің ұлы даламызда бабаларымыз ең алғаш жылқыны қолға үйретті. Металлургияны меңгерді.

Қалалық өркениет пайда болды.

Біздің заманымызға дейінгі I ғасырда өмір сүрген грек географы Страбон Орталық Азияның төсін «мыңдаған қалалар жері» деп сипаттаған екен.

Ол қалалар бай кітапханаларымен ерекшеленді. Түркілер білімге ден қойды.

Соның негізінде түркі жұрты белгілі ғалым Фредерик Старр айтатын «Ағарту дәуіріне» аяқ басты.

Түркілердің зияткерлік дәуірі еуропадағы «қайта өрлеу», «ағартушылық» дәуірлерден бірнеше ғасыр бұрын болғанына тарих куә.

Орта ғасырлардағы түркі ғалымдары ғылымның сан саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Бабаларымыз медицина, астрономия, музыка, алгебра, физика, география, геология салаларында жаһандық деңгейдегі жаңалықтар ашты.

Отырардан шыққан әл-Фараби шығыста Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанды.

Әл-Фараби 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактат жазып, антикалық ойды жоғары деңгейге көтерді.

Әл-Хорезми алғаш болып алгебраны дүниеге әкелді.

Ибн Синаның латын тіліне аударылған «Дәрігерлік ғылымының каноны» батыс медицинасының негізін қалады.

Ол еңбек бес жүз жыл бойы классикалық медицинаның әліппесі ретінде оқытылды.

Әл-Ферғани, Бируни, Ұлықбек секілді ғалымдар әлемдік деңгейдегі астрономия мектебін қалыптастырды.

Ұлықбек ислам әлеміндегі ең үздік обсерваториялардың бірін қалыптастырды.

XI ғасырда араб ғалымдары араб тілінде жазатын «дәуір мақтаныштарының» тізімін жасаған.

Сол тізімге енген ғалымдардың үштен бірі, яғни 415-і Орталық Азиядан шыққан екен.

Сонымен қатар, Тұран топырағынан тамаша сәулетшілер, ақындар, суретшілер, музыканттар да көп шықты.

Құрметті жастар, сіздер осындай алып өркениеттің ұрпақтары және өкілдерісіздер.

Теңдессіз ғылыми және мәдени еңбектердің мұрагерісіздер.

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры. Қазіргі таңда ғылым мен технология мемлекеттердің дамуындағы негізгі көрсеткішке айналды.

Сіздер де осы үрдістен қалыс қалмай, бабаларымыздан мұра болған бай ғылыми дәстүрді және білім мен мәдениет орталықтарын қайта жаңғыртуларыңыз қажет.

Сол арқылы түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі одан әрі арта түсетіні сөзсіз.

Жоғарыда аталған түркі дүниесінің алыптары жастарымыздың өмірлік және кәсіби бағдарына айналуы керек.

Ол үшін біз олардың есімдерін жан-жақты дәріптеуге, мұраларын терең зерттеуге мән беруіміз қажет.

Сондай-ақ, биыл түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойларын атап өтеміз.

Олардың қатарында Жүсіп Баласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық мерейтойы бар.

Сонымен қатар, Юнус Емре, Әлішер Науаи, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейхан, Хусейн Карасаевтардың да мерейтойларын атап өтеміз.

Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін өткізілетін шаралар.

Сондай-ақ, бұл жастарымызға ортақ тарихымызды, ұлы тұлғаларымызды, олардың еңбектерін тануға зор мүмкіндік береді.

 

Құрметті форумға қатысушылар!

 

Заманында бабаларымыз әлемдік білім мен ғылымның көш басында тұрды.

Олардың ұлы талпыныстары мен жауһар ойлары адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сіздер де бабалардың аманатына адалдық танытып, әлемді дамытуға үлес қосуға ұмтылыңыздар.

Бұл сіздердің миссияларыңыз деп айтсам, артық бола қоймас.

Сонымен қатар бауырластық қатынасымызды жаңа сапаға көтеруге, түркі тілдес елдердің ынтымақтастығын әрі қарай жүйелі түрде дамытуға бар күш-жігерлеріңізді жұмсаңыздар.

«Ақыл жастан, асыл тастан» дейді қазақ халқы.

Сондықтан бұл істе өздеріңіздей өскелең ұрпаққа үлкен сенім артамыз.

Осы жолда сіздерге ауызбіршілік пен сәттілік тілеймін!

 

Құрметті достар!

 

Сөзімнің соңында тағы бір мәселеге назарларыңызды аударсам деймін.

Жоғарыда Түркістан тұтас түркі әлеміне ортақ киелі мекен, сондықтан сіздерге жат қала емес деп айттық.

Осы ретте, сөзімді Түркістан ғана емес, бүкіл Қазақ елі түркі дүниесі үшін қастерлі мекен деп толықтыра түсер едім.

Себебі, түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Алтай Қазақстанда орналасқан.

Бүгінде дүние жүзінің әр тарабында жүрген барша түркінің түптамыры осы Алтайдан бастау алады.

Сондықтан Қазақ топырағы – түркі әлемінің орталығы, түркі халықтары үшін атажұрт болады.

Осыған орай басқа мемлекеттерден келген жастарға бабаларыңыз шыққан Ұлы даланы әрдайым есте сақтаңыздар дегім келеді.

Қазақ елі сіздерді қашанда бауыр ретінде құшақ жая қарсы алады.

Қазақстанда бауырларыңыз бар екенін ешқашан естен шығармаңыздар.

 

Құрметті жастар!

 

Түркі халықтарының бірлігі нығая берсін. Соған өз үлестеріңізді қоса беріңіздер.

Барлық армандарыңыз орындалсын. Аман болыңыздар!

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет!