
Мажарстанның Дебрецен қаласында өтіп жатқан бокстан Иштван Бошкай турнирінде төрт қазақстандық финалға шықты, деп хабарлады Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.
Ақтық бәсекеге ерлер арасында Махмұд Сабырхан (52 келі), Талғат Шәйкен (69 келі) Айбек Оралбай (91 келі) және бұрымды боксшыларымыздан Римма Волосенко (60 келі) өтті.
52 келі салмақта алтын медаль үшін Махмұд Сабырхан үндістандық Лалтха Прасат Полипалимен жұдырық түйістірсе, Талғат Шәйкен өз салмағында франциялық Уахит Хамбимен кездеседі. Айбек Оралбай болса үндістандық Гаураф Чауханға қарсы айқасады.
Ал финалға шыққан жалғыз қазақстандық бойжеткен Римма Волосенко ресейлік Екатерина Динникпен «алтынға» таласады.
Боксшылардың финалдық бәсекесі бүгін Мажарстан уақыты бойынша сағат 17.00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 21.00) басталады.
