
Мәжіліс коронавирус инфекциясының таралмауы үшін барлық қажетті шараны қабылдайды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
«Мәжіліс коронавирус инфекциясының таралмауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Алайда, коронавирус инфекциясын анықтауға арналған тест Мәжіліс депутаттарының бірінде оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта депутат Бекболат Тілеуханнан инфекция анықталып, ол қажетті емдеу курсын қабылдауда. Мәжіліс депутаты инфекция анықтағанға дейін қашықтан жұмыс істеу режимінде болған. Бүгінгі таңда депутаттық корпустан да, Аппарат қызметкерлерінен де аталған ауру белгілері анықталған жоқ», делінген хабарламада.
Депутаттарға карантиннің алғашқы күндерінен бастап, Мәжіліс ғимаратында жалпы отырыс күндері, сондай-ақ негізгі заң жобалары бойынша комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарында ғана келуге кеңес берілген.
«Осы тұрғыда, жасы 65-тен асқан Мәжіліс депутаттары қашықтықтан жұмыс істеу режиміне өтті. Барлық жалпы отырыстар онлайн режимінде таратылуда. Жұмыс топтарының жетекшілері заң жобалары бойынша жұмысты байланыстың қазіргі түрлері аудио-видео конференциялар, конференциялық қоңыраулар және т.б.арқылы ұйымдастыруда. Мәжіліс ғимаратында карантиннің алғашқы күндерінен бастап коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмайтын сақтық шаралары енгізілді», делінген хабарламада.
Эпидемиологиялық бақылау үшін ғимараттың кіреберістері сенсор дене қызуын өлшегіш және антисептикпен жабдықталып, ғимарат дезинфекциялық құралдармен өңделіп, маскалық тәртіп қатаң сақталуда. әАппарат қызметкерлері арасындағы әлеуметтік қашықтық орнатылып, олардың 80%-ы қашықтағы жұмыс тәртібіне ауысты. Сонымен қатар, жалпы отырысқа қатысатын Мәжіліс депутаттары және аппарат қызметкерлері үнемі коронавирустық инфекцияға қарсы тестілер тапсырады», делінген хабарламада.
