
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясы шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-тың барлық қолданыстағы несиелер бойынша пайыздық ставкаларды жылдық 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етудің қажеттігі туралы атап өтті. «Ақ жол» фракциясы осындай шешімді толықтай қолдайды», - деп тоқталды депутат Азат Перуашев ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Бұдан бөлек депутат 2020 жылғы 2 қыркүйектегі Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қаржылық қолдау шаралары бойынша қазіргі жағдайды баяндағанын еске салды.
«Баяндамада аталып өткендей, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша субсидияланатын несиелер бойынша орташа ставка шамамен 15 пайызды құрайды. Сонымен бірге, агенттік басшысы екінші деңгейлі банктердің жоғары ставкасын субсидияланатын несиелер тұрғысында жылдық 20 жиырма пайыздан төмен емес мөлшерде белгілеуді ұсынды», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, осы жолы мемлекеттік қолдаудың елеулі үлесі кәсіпкерлерге емес, банктердің кірісін арттыруға бағытталғалы тұр.
«Ақжол» фракциясы депутаттары тарапынан осы ұсынысқа қатысты сауал туындап отыр. Егер екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне жылдық 20 пайыз ставкасы бойынша несие берсе, олар осы арқылы жоғары маржаны қамтып отыр. ШОБ-тың жаппай қиын жағдайға тап болуы жағдайында олардың тәбетін шектеудің орнына, мемлекет бұдан ары қарай да осы сұраныстарын қанағаттандырмақ. Қазіргі жағдайда бизнес те, мемлекет те тиісті шығынға тап болып отыр. Ештеңе болмағандай, тек банктер ғана бұрынғыдай қомақты табыс жасағысы келуде», - деді депутат.
Оның пайымынша, қарыз алушылардың көбісі несие төлеуге қауқарсыз болып тұрған кезде, екінші деңгейлі банктердің сұранысын қанағаттандыру ұсынысы тыйылмай тұр.
Жоғарыда атап өтілгенді ескере отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы Үкіметке мемлекеттік мүдені қолдауға қатысты тиісті ұсынысты жасады. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнесті қолдауға арналған оңтайлы қадамдарды іске асыру қажеттігі айтылды.
