21 там, 2025 сағат 13:18

Мектеп формасы қажет пе?


Фото: vecher.kz

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Жаңа оқу жылына даярлық кезінде ата-аналардың кейбірінде мектеп формасына қарсылық байқалды. Көп ата-ана мектеп формасына қарсы петиция жазып, қол қойса, енді бірі әлеуметтік желіге шығып, мектеп формасының болғанын қолдайтындарын айтуда. Мәселе неде? Анықтап көрейік.

Мектеп формасының мақсаты

Әу бастан мектеп формасы жеке меншік мектептерде білім ордасының имиджін бейнелейтін киім ретінде киілген еді. Кейін бірдей киім үлгісі жаппай барлық мектеп оқушыларынан талап етілетін болды. Ондағы мақсат ‒ барлығына бірдей мектеп формасы оқушылар арасында киіміне, отбасылық жағдайына байланысты алалаушылықтың алдын алу құралы саналады.

Бірдей үлгіде киінген балалардың әлеуметтік айырмашылығын жасырудан бөлек, мектеп формасы оларды жинақылыққа, тәртіпке шақырады деген мақсат та жоқ емес.

Ата-аналар неге қарсы?

Ал ата-аналарды алаңдатын мәселе мектеп формасының жылдан жылға өсіп жатқан бағасы мен нарықта бұл тауардың монополиялануы. Көпшілік мектептің белгілі бір дүкендермен өзара келісіп, тек нақты жерден сатып алуларын міндеттейтіні наразылық тудырды. Одан бөлек жыл сайын негізгі киімдерге қосалқы белгі, орамал секілді дүниелерді алу қажеттігіне қарсы.

Пайым

Буллинг мәселесі өзекті заманда мектеп формасының болғаны жөн. Көп жағдайда жасөспірімдерде еркіндікте шек болмай кетеді. Бір оқушы мүмкіндігі жеткенше киінсе, жағдайы тәуір екінші бірі көріп қызыққан, қиялындағының бәрін іске асырып киінуі әбден мүмкін. Бұл дегеніміз сол ортадағы көп балаға стресс. Сол себепті мектеп формасының жеңілдетілген түрі яғни барлығына бірдей түстен қарапайым, сапалы киім міндеттелгені абзал. Сонымен бірге ата-аналар ол киімді қалаған дүкеннен сатып алу еркіндігі сақталса үлкен жеңілдік болары сөзсіз. 


Динара Болат