14 сәу, 2020 сағат 13:44

Мемлекет басшысы даңқты бапкер Бекет Махмұтовтың отбасына және туыстарына көңіл айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі спорт қайраткері, даңқты бапкер Бекет Махмұтовтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасына және жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

«Бекет Сапабекұлы ұзақ жылдар бойы елімізде спорт саласын өркендету жолында еселі еңбек етіп, құрметке бөленген еді. Әсіресе, қазақ спортын жоғары деңгейге көтерген білікті бапкер ретінде есімі ел тарихында қалатыны анық. Салмақты да сабырлы мінезімен өз ортасына сыйлы болды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.

Сөз соңында Мемлекет басшысы оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенім білдірді.